Төл мерекеміз – Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында «Сарыкөл» газетінде «Тәуелсіз сұхбат» айдарын ашып отырмыз

Азаттықтың айшықты тірегі – ана тілі. Сондықтан да, алғашқы тақырыбымыз – мемлекеттік тілге арналады

Осы орайда Сарыкөл аудандық тілдерді оқыту орталығының басшысы Нұрмұхамед Серікбаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.

-Нұрмұхамед Әмзеұлы, өздеріңіз білетіндей өткен жыл еліміз үшін өте ауыр жыл болды. Ал, Сіздер үшін жұмыс барысы қалай өтті?

-2020 жыл жақсы басталды. Қаңтар айында жылдық жоспарды құрастырып, бекіттік. Мемлекеттік тіл мен ағылшын тіліне тыңдаушыларды жинадық. Ал, ақпан айында бір ай тыңдаушылар келіп, сабақтарын өткіздік. Бірақ, наурызда карантин басталғаннан бастап бір-екі ай қиындықтар туындады. Өйткені, бізде қарқынды онлайн сабақ беру жүйесі әлі қалыптаспаған еді. Одан кейін облыстық орталық бар, барша аймақ төңірегіндегі 20 орталық бар, солардың арасында ZOOM бағдарламасымен пікір алмасып, тәжірибе ұшсатырдық. Соның арқасында бір жүйеге келтірдік. Және бүкіл тыңдаушыларды онлайн форматқа өткіздік. Ауданның төңірегінде интернет желісі жақсы болғандықтан, тыңдаушыларымызбен ZOOM арқылы байланыса алдық. Бейнебайланыс арқылы сабақ өткіздік.

Жалпы, мемлекеттік тілден 300 тыңдаушы, ал ағылшыннан 118 болды. Біздерде деңгей А1 (қарапайым), В1 (қарапайымнан сәл жоғары), А2 (орта деңгей), В2 (жоғары деңгей) деп бөлінеді. Сонымен қатар, С1 деңгейі де бар, бірақ ол нағыз тіл мамандарына арналған. Оны біз мұнда оқытпаймыз. Ал, өтініш беретін адамдар болса, сабақ беруге әбден дайынбыз.

-Барша халықты қос бүйірден қысқан қиын жылға қарамастан қандай ауқымды істерді атқардыңыздар?

-Былтырғы жылы карантин уақытына қарамастан, бізге Астанадан Ұлттық тестілеу орталығының, министрліктің мамандары келіп, «Қазтест» жүйесі бойынша тест алған болатын. Оны аудандық мәдениет үйінде карантин талаптарын қатаң сақтай отыра өткіздік. Әрбір адам санитарлық нормаларды сақтап, бетпердесін тағып, қолғабын киіп келді. Ол жерде 50 адам тапсырды (25 мемлекеттік қызметші, 25 бюджеттік қызметші). Ауданның деңгейі жаман болған жоқ. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік деңгейді білуі орта деңгей болып шықса, ал бюджеттік қызметшілеріміз олардан сәл жоғары. Сондай-ақ, С1 деңгейінде тапсырған тыңдаушыларымыз да болды.

Жалпы, 2020 жылы біз іс-шараларды да жақсы өткізе алдық деп айта аламын. Тапсырмалардың бәрін онлайн түрде беріп, кейін орталықта шешімін шығарып, сыйлықтарын да бердік. Солардың ішінде өзектілерінің бірі – мемлекетітк қызметшілер мен өзге ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тілді насихаттау болды. Сонымен қатар, Ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына жалпыхалықтық диктант өткіздік. Оған біздің аудан облыс бойынша өте белсенді қатысты. Жақсы жазғандарды басқарма басшылығының марапатын да алды. Белсенділік танытқан өзге ұлт өкілдеріне өзіміздің орталықтан да кішігірім сыйлықтарымызды бердік.

-Жетістіктеріңіз көп шығар. Бірақ, солардың ең сүбелісін атап өтсеңіз…

-Иә, жетістіктер баршылық. Біздің облыс деңгейінде «Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынов» деген үздік оқытушы байқауы өткізіледі. Былтыр сол облыстық іріктеу кезеңінде біздің

оқытушымыз Болат Нәби бас жүлдені жеңіп алып, республикаға қатысқан болатын. Онда белсенді қатысқаны үшін деген марапат пен сыйлық алды.

Қәзіргі таңда әлеуметтік желілер дамыған уақытта біздің орталықтың инстаграм парақшасы облыс бойынша бірегейі десек болады. Көп аудандар осы біздің парақша арқылы бағыт-бағдар алып отырады. Оны өздері де мойындайды.

Тағы бір айта кетерлік жәйт, республика көлемінде көптеген семинарлар өтті.

Оның көбі – латын қәрпі туралы.

-Латын қәрпі демекші, жаңадан жетілдірілген әліпби туралы пікіріңізбен бөлісе кетсеңіз?

-Өздеріңіз білетіндей, 28 қаңтарда Үкімет отырысында халық арасында латын графикасына негізделген қазақ тілінің жетілдірілген әліпбиі талқылауға түсті. Бізде де осы тұрғыда семинарлар жиі өтіп жатыр. Себебі, талқылаудағы соңғы үлгі соңғысы деген үміттеміз. Тіл жанашырлары да алдағы наурыз айында осы үлгіні бекітеді деген әңгімелер айтып жатыр.

Менің ойымша, осы ұсынылған әліпби өте дұрыс шешім. Оның алдында акут арқылы берілген альфавитті Елбасымыз өз кезегінде бекітіп кеткен болатын. Онымен де қазіргі уақытта әлі де жұмыс істеп жатырмыз. Осыған қарамастан тіл жанашырлары Президентімізге былтырғы жылдың наурыз айында үш нұсқасын ұсынған болатын. Оның ішінен екі нұсқасы жарамды болып шығып, талқылауға түсті. Ел болған соң көптеген қарама-қайшы пікірлер де туындап жатты. Соның нәтижесін енді осы жылы беріп отыр деп ойлаймын.

Тағы бір айта кетерлігі осы соңғы нұсқа пернетақтаға, интернет желісіне және құрылғыларға да орнатуға оңай. Әрі өте тиімді.

Жаңа әліпби – ұлттық тілді сақтаудың коды. Оның құрамындағы әрбір таңба – осы ұлттық тілді және тілдің негізгі заңдылықтарын сақтау коды. Яғни, 31 таңба ұсынылған. Әліпби құрамындағы таңбалар қазақ тілінің төл табиғи болмысына, дыбыстық, жазбаша және ауызша тілінің ерекшеліктеріне, лексика-грамматикалық құрылысына орыс тілінің тигізген ықпалын әлсіретіп, төл тілдік табиғатын қайтаруға мүмкіндік береді. Сондықтан қазақ әліпбиін латынға көшіру арқылы біз ұлттық тілімізді жаңғыртып, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін бекіте аламыз.

Жаңа әліпби құрамына тек қазақ тілінің төл дыбыстары енгізілді. Кирил әліпбиіндегі 9 әріпті (ю, ё, я, ъ, ь, ц, ч, щ, э) қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне икемдеп айтатын боламыз. Мәселен, умлаут, бревис, макрон, седиль диакритикалық таңбалары да тіліміздің дыбыстық ерекшелігіне қарай дауысты мен дауыссыздарды ажыратып қолдану үшін берілген. Егер Халықаралық фонетикалық әліпбиде 52 диакритикалық белгі болатын болса, қазақ әліпбиін түзуде біз солардың ішінен жоғарыда аталған 4 белгіні таңдап алдық. Яғни бұл диакритикалық белгілер қазақ тілінің табиғатын қисынға сай, қолдануға қажетті аңғартуға тиісті символдар. Яғни біз бұл диакритикалар негізінде сол дыбыстардың фонетикалық мазмұнын дәл көрсетеміз. Бұл әліпби түзу үшін маңызды мәселе.

Жалпы алғанда, тіл мәселесі бірден шешіліп кететін оңай нәрсе емес. Ұзақ жылдарды қажет етеді. Сондықтан, алдағы уақытта жетіспеген жерлері жетісіп кетеді, дами береді деген сенімдемін. «Көш жүре түзеледі» – демекші, сол үшін уақытты да беріп отыр Мемлекет басшысы.

-Жалпы, аудандағы мемлекеттік тілдің ахуалын қалай сипаттап бересіз?

-Бізде Барвин (14 адам) мен Комсомолда (15 адам) бір-бір топтан екі топ мемлекеттік тілде оқиды. Олар ауылдық әкімдік ғимараты, мектеп және балабақша қызметшілері. Дені өзге ұлт өкілдері.

Аудан бойынша барлық мекеме қызметкерлері іс-шараларға үнемі қатысып отырады. Ал, енді аудандағы тіл мәселесін айтатын болсақ, оқып, бір деңгейді үйреніп тыңдаушылар шығып жатыр. Бірақ, одан әрі қарай оны дамытып, алып кету үшін бізде орта қалыптастыру керек. Біздің ауданда 100 пайыз халықтың 80 пайызы орыстілді азаматтар өмір сүріп жатыр. Егер де, қазақтілді ортаны көбірек қалыптастыратын болсақ, сол кезде ғана адамдардың сөйлеу дағдысы қалыптасады. Сөйлейтін орта болса ғана, адамдардың сөйлейтін дағдысы қалыптасып, қазақ тілін үйренуі тезірек болады.

-Орта қалыптастыру үшін не істеу керек?

-Ол үшін үлкен іс-шаралар атқару керек. Біздің ел ағаларының «Оңтүстіктен-Солтүстікке» көшіру саясаты тиімді деп ойлаймын. Осыны ілгерілетіп, тезірек жүргізуге жағдай жасай берсе нұр үстіне нұр болар еді.

Мысалға, біздің Қызылорда жақта орыс тілін үйрену өте қиын болды. Орыс тілінен беретін мұғалімлдеріміздің өзі орысша жетік емес. Қостанай облысына келгеннен кейін ортаға байланысты орыс тілді тез үйрендік. Бізге ешкім келіп үйреткен жоқ. Барлық дүкенге, қайда кірсеңде бәрі орыстілде сөйледі. Сондықтан, біз орыс тілін тез үйреніп алдық. Сол сияқты халықтың ынтасы болса, мемлекеттік тілді жетік білгісі келсе, ел үшін, жер үшін деп шынайы көзқараспен, ниетпен тілді үйренетін болса, кез келген азамат қазақ тілін оңай меңгеріп алады деп нық сеніммен айта аламын.

-Осында келгелі 4 жылдай болыпты. Атқарған ауқымды істердің бірегейі жайында, бір есіңізде әлі күнге дейін сайрап тұрған сәттен сыр шерте аласыз ба?

-2018 жылы ауданда облыстық деңгейде елдің тумасы – Тәтіқара жырау атындағы жыршы-термешілер байқауын өткізген болатынбыз. Оны жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатпен ұйымдастырдық. Біздің мақсат – баяғы термесін, жырын елдің, жастардың құлағына құю болды. Енді облыс көлемінде жыршы-термешілер өте көп қой. Жангелді, Амангелді, Наурызым жерінен болсын, сол жақтан шыққан жасөспірімдердің дені облыстың ірі аудандарында мәдениет, тіл саласында қызмет істеп жүр. Сондай тілі таза азаматтардың жыр-термені орындауы енді сарыкөлдік тұрғындарға, жастарға бір руһ беріп, көтеріп тастағаны есімде. Алдағы уақытта осындай ауқымды істерді қолға алғанда жергілікті азаматтарымыз демеушілік танытып, қолдап жатса, қуанып қалар едік.

-Егер, демеушілер табылып жатса, қайтер едіңіз?

-Біздің аудан көлемінде қазақылықты, мәдениетті рухани жаңғыру аясында көтеру үшін ең бірінші біздің ұлттық ойындарды дамытар едім. Жергілікті қазақтың жігіттері бар, өзге ұлт өкілдері болсын, облыс көлемінде көкпар өткізуге болады. Бәйгелер өткізуге болады. Қазақи ауқымды іс-шаралар өткізуге басымдық беруіміз керек деп ойлаймын. Өскелең ұрпақ соны көріп, бой түзейтін болады. Қазақтың күресі болсын, басқада ұлттық ойындарды қазақи нақышта, асық ойындарынан турнирлер өткізуге болады. Тілді бірден үйреніп кету үшін жан-жақты жағдай істеу керек деп ойлаймын. «Тілді үйрен де үйрен» деп жұлқылай бергеннен өзге ұлт өкілдері үйреніп кетпейді. Жанағыдай жағдай жасап, қажеттілікті туындатқызу керек. Талап болу керек.

Қай тілде өтінім берсе, сол тілде жауап беріндер деп Елбасымыз айтып кеткендей, мемлекеттік ұйымдарға қызмет алуға барғанда, мемлекеттік тілде өтінім беруіміз керек.

Жалпы, біздің оқытқан мемлекеттік қызметкерлер болсын, басқасы болсын жергілікті тұрғындар өтінімдерін орыс тілінде беріп, сол тілде талап еткеннен соң үйренген қазақ тілін тәжірибе жүзінде қолдана алмай жатады. Анау кісі оңай өзі сөйлеп тұрған тілде болған соң тез жауап бере салады.

Міне, қазақ тілді орта қалыптастырып, қоғам болып, ел болып талап қоятын болсақ, орталықтан оқып кеткен әрбір тыңдаушы өзінің үйренгенін шама-шарқы жеткенше жеткізіп, сол тілде жауап бере алады деп нық сеніммен айта аламын.

-Әңгімеміздің кіріспесінде бұл сұхбат Тәуелсіздік мерейтойының қарсаңындағы жобаларымыздың бірі екендігін атап өткен едім. Осынапу біздің киелі, ең басты мерекемеіз туралы әркім түрлі пікірде. Ал, өзіңіз Тәуелсіздік деген ұғымды қалай түсінесіз?

-Тәуелсіздік дегенді мен еркіндік деп түсінемін. Яғни, сен ешкімге тәуелді емессің, өзіңнің елің бар, жерің бар. Осы Тәуелсіз елінде елге қызмет еткенге не жетсін?!. Ең бастысы, Тәуелсіздікті сақтап қалу жолында еңбек қылу керек деп ойлаймын. Біз осы азаттығымызды сақтап қалу үшін ең алдымен ұлттық кодтарымызды сақтауымыз керек. Ұлттық код дегеніміз, осы біздің ұлттық тілеміз, діліміз, ұлттық ойындарымыз, барша осы ұлтымызға, тарихымызға қатысты не бар солның бәрі кіреді. Сонымен қатар, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді сақтай алсақ, болашақта біз өз тәуелсіздігімізді нығайта түсеміз.

Енді, біз алдағы уақытта ата-бабамыздың қанымен, жанымен келген Тәуелсіздікті пайдалана отырып, әрі қарай да осы елдің дамуы жолында жұмыс істеуіміз керек.

-Тәуелсіздік күні мерекесіне орай және басқа да қандай іс-шаралар өткізіледі?

-2021 жылы өткізетін іс-шаралар жетерлік. Осы ақпан айында үш тілді қамтитын «Тіл шебері» байқауы болады, оған 12-22 жас аралығындағы жастар қатысады. Одан кейін 30 жылдыққа орай «Тәуелсіздік – тұғырым» атты авторлық шығармалар байқауы бар. Оған да мектеп, колледж және жас мамандарымыз бақ сынай алады. Өз шығармашылығын, өзінің еліне арнаған жүрекжарды өлеңін ұсына алды.

Жалпы, биыл – Ыбырай Алтынсарин бабамыздың 180 жылдығы, осының құрметіне Қостанай облысында «Ыбырай» жылы деп аталды. Осыған байланысты көптеген шаралар жопарлап қойдық. Солардың бірі – ұстаздар арасында өтетін «Үздік ұстаз» байқауы. Жыл сайын өтетін 5 қыркүйек – Тілдер күніне Абай оқуларын ұйымдастырамыз. Жылдың аяғына қарай «Тәуелсіздік – ел тірегі» деген аудандық қорытынды байқауымыз өтеді. Жоғарыда аталғандардың бәрі де қаржылай шараларымыз. Бұдан да бөлек қаржылайсыз басқа да шараларды өткізетін боламыз.

-Тәуелсіздік қарсаңындағы ізгі лебіз-тілегіңізді білдіре кетсеңіз…

-Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы одан әрі дами берсін. Биыл отыз жылдығын тойласақ, кейін 100-200 жылдығын атап өтейік. Әрқашан да осындай Тәуелсіз мемлекетте біздің ұрпағымыз өмір сүрсін! Тек жақсылық пен қуанышта еліміз аман-есен қауышып, жүре берсін дегім келеді.

– Салиқалы да салмақты, әсерлі әңгімеңізге үлкен рахмет!

Сұхбаттасқан Руслан ӘЛКЕЕВ

Редактор

Recent Posts

После семи лет ожидания жителей села Златоуст Сарыкольского района приступили к ремонту дороги к их населённому пункту

В этом убедились златоустцы, когда на дороге районного значения появилась специальная техника, ровняющая ухабистое дорожное…

1 день ago

Сәкенге арналған сайыс

Дәстүрлі дода өз жалғасын тапты (далее…)

2 дня ago

Как журналист Костанай Медиа рыбу ловила. Репортаж из Сарыколя

Удивительное время года весна. Едва сошёл снег с полей и растаял лёд на водоёмах, а…

4 дня ago

Сарыкөл ауданында сотталғандар арасында жарыс өтті

Олар спорттық жаттығу жасаудан сынға түсті (далее…)

1 неделя ago

Сарыкөл ауданында “Жасыл аймақ” апталығы басталды

Бұл "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды. (далее…)

2 недели ago

Закрыто движение для транспорта на участке в Сарыкольском районе

На территории Костанайской области в районе п.Севастополь Сарыкольского района с 18:15 часов 23 апреля 2024…

2 недели ago

This website uses cookies.