
Шоқан мерейтойы туған жері – Сарыкөл төсінде кең көлемде аталып өтуде
Мерейтой — тарихқа тағзым етудің, рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі
Бүгін ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған іс-шара “Шығыстың шоқ жұлдызы” атты дөңгелек үстелмен басталды.
Оған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов арнайы қатысып, сөз сөйледі. Аудан әкімі Марат Шымырбеков құттықтады. Сонымен қатар, философия ғылымдарының кандидаты, әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессорі, Ахмет Байтұрсынұлы ат. ҚӨУ, Қостанай облысы әкімінің қоғамдық негізде орынбасары Қалқаман Жақып, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы ат. ҚӨУ профессорі, ақын, жазушы Ақылбек Шаяхмет, облыстық мәслихат депутаты Диана Өтебаева және аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Солдат Дүтпаевтар сөз сөйледі.
Одан әрімен мерейтой
«Батыр» стадионында жалғасты.
Тағылымға толы іс-шараның ашылу сәтінде облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов сөз сөйлеп, меймандар мен сарыкөлдіктерді рухани мерекемен құттықтады.
-Ұлы ғалым, этнограф, ағартушы, Шығыстың жарық жұлдызы Шоқан Уәлиханов — әлем тарихына қазақ халқының бай мұрасын сіңіруге, дүние жүзіне ұлтымыздың мәдениетін, рухани қазынасын танытуға орасан зор үлес қосқан тұлға. Сарыкөлде өтіп жатқан бұл мерейтой — тарихқа тағзым етудің, рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі. Шоқан рухы мәңгі биік, оның өмір жолы жас ұрпаққа үлкен өнеге. Мерекелеріңіз құтты болсын! — деді Бақытжан Хаберұлы.
Сонымен қатар аудан әкімі Марат Шымырбеков жиналған жұртшылықты айтулы мерейтоймен құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді.
-Бұл — Сарыкөл үшін ғана емес, қазақ елі үшін жарқын мереке, тағылымды оқиға. Шоқанның қысқа ғұмырында артына қалдырған ұшан-теңіз мұрасы, қайраткерлік еңбегі — қазақты өркениеттің жаңа белесін көтерген сарқылмас қазына. Киелі өңіріміз, тұтас ұлтымыз ұлы ғұламаны мақтан тұтады. Бұл мереке өткенімізді ұлықтап, болашаққа сеніммен қарауға үндейтін, бірлік-берекемізді арттыра түсетін тарихи іс-шараға айналары сөзсіз, — деді Марат Лесбекұлы.
Құттықтау сөзінен соң аудан басшысы өңір руханиятына еселі еңбек сіңірген, Шоқан мұрасын түгендеп, ардақты есімін дәріптеуге атсалысып жүрген бірқатар тұлғаны марапаттады. Олардың қатарында Ақылбек Шаяхмет, Серікжан Исмаилов, Тобыл Жандәулетов, Александра Серғазинова, Динара Өтебаева, Солдат Дүтбаев, күнтиместік қазыналы ақсақалдар — Қорғанбек Ғабдулов пен Амантай Әубәкіров те бар.
Бұдан соң киелі сахнаға Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония ұжымы шығып, әсем ән-күйден шашу шашты. Театр әртістерінің қойылымы көпшіліктің көңілінен шықты.
Мерейтойға келген меймандар көкпар ойының тамашалады. Сондай-ақ, қаз-қатар тігілген киіз үйлерді аралап, мекеме-ұйымдардың өнерін тамашалап, той дәмінен ауыз тиді.
Мерейтой мұнымен біткен жоқ, әрі қарай жалғаспақ.
Руслан ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы
Суреттерді түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31