
Сенат депутаттарының Сарыкөлге сапары
Басты мақсат – күрделі мәселелермен күрес
19 тамызда ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Сергей Карплюк пен Бибігүл Аққожина Сарыкөл ауданына іссапармен келді.
Олармен бірге облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағасы, депутат Махаббат Жутаев та болды.
Алдымен, халық қалаулылары Сорочин ауылындағы «Агро-Парасат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің астық қабылдау бекетіне барды. Бұл астық сақтау қоймасы былтыр ашылған болатын.
-Бұл біздің қойманың жыл бойы қыруар тонна астық қабылдап, сақтап беруге қуаты жетеді. Ішінде астық қабылдайтын заманауи таразы бар. Жұмысшылар таза, жылы жерде отырып, жұмыс істейді. Кәсіпорын астық сақтау қоймасын салуға 700 миллион теңге қаржы жұмсадық, – дейді серіктестік директоры Азамат Жолаушыбаев. Сонымен қатар, Азамат Жақсылықұлы кәсібінің тыныс-тіршілігімен тереңірек таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Шешімін таппай жүрген күрделі сауалдарын жолдады. Сапар соңында жаз бойы күтіп-баптап өсірген жеміс-жидек бақшасын көрсетіп, өзін тағы бір қырынан танытты.
Бұдан кейін Сенат депутаттары екі жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аудандық ауруханаға ат басын бұрды. Мұндағы жағдай көз сүйсінтіп, көңіл қуантарлықтай.
-Біздегі бір мәселе – жертөледегі судың жиналуы болып тұр. Қазіргі таңда арнайы техникамен сорып, тазалап отырмыз. Ал, жалпы жөндеу жұмыстарына келетін болсақ, жауапты мердігер күн сайын қарқынға қарқын қосып, жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі таңда негізгі жұмыстардың 95 пайызы орындалды, аяқталуға жақын қалды. Нысанды толықтай тапсыру уақыты қыркүйек айына жоспарланып отыр, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрғожа Байкунов.
Сапар соңында халық қалаулылары Тәгіл ауылындағы «Сатаев» шаруа қожалғына соғып, одан кейін аудандық әкімшіліктің мәжіліс залында аудандық мәслихат депутаттары және аудан активімен кездесу өткізді.
Жиында алғаш сөз алған облыстық мәслихаттың комиссия төрағасы Махаббат Жутаев өңірді дамытудың басым бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталып, жергілікті билік органдарымен өзара іс-қимылдың маңыздылығына тоқталып, аудан тұрғындарының өзекті мәселелерін шешу үшін одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.
Сонымен қатар, сенатор Бибігүл Бүркітқызы да өз кезегінде халықпен тікелей диалогтың маңыздылығына тоқталды. Көтерілген барлық мәселелерді қарау және шешу үшін тиісті органдарға берілетінін атап өтті. Сондай-ақ, ол ауыл тұрғындарына әлеуметтік қолдауды күшейту, инфрақұрылым мен медициналық және білім беру қызметтерінің сапасын жақсарту қажеттігіне назар аударды.
Ал, кездесу барысында түрлі мәселелерді шешуде ашықтық пен нақтылықтың керек екендігін айтқан сенатор Сергей Карплюк Сенаттың заңнамалық қызметі мәселелерін қозғады. Кездесуге қатысушыларды Мемлекет басшысы бастамашылық еткен реформалардың іске асырылу барысы туралы хабардар етті. Сонымен қатар, азаматтардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдап, барлық көтерілген мәселелер назарға алынып, бақылауда болатынын жеткізді.
-Кеше Ұзынкөл, Меңдіқара аудандарында болсақ, бүгін міне, Сарыкөлге келіп отырмыз. Сапар барысында Сорочин ауылындағы жанашыр кәсіпкердің ауылға жасап жатқан игі істеріне куә болдық. Тәгіл ауылындағы «Сатаев» шаруа қожалыңының да тыныс-тіршілігмен таныстық. Ауыл кәсіпкерлерінің бүгінгі бет алысы жаман емес, істері қарқынды жүріп жатыр. Аудандағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аурухананы да аралап қайттық. Бір-екі мәселенің бар екенін білдік, өзімізге жазып алдық. Жалпы, аудандағы игі істерге көңіліміз толды, – деп атап өтті ҚР Парламентінің Сенат депутаты Сергей Алексеевич.
Кездесу соңында аудандық мәслихат төрағасы Дастан Әбжамалов сенаторларға сапары мен сындарлы диалогы үшін алғыс айтып, халықпен етене жақын болуда атқарылып жатқан жұмыстарына сәттілік тіледі.
Руслан ӘЛКЕЕВ
Суреттерді түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31