Сарыкөлдік Жұмағали Құсаинов туған жеріне маман болып оралып, 26 жыл бойы тапжылмай бас дәрігер қызметін атқарған жан
Жас маманнан бас дәрігерге дейінгі жол
Жұмағали Көкенұлы 1985 жылы Қарағанды медициналық институтын бітіріп, Қостанай қалалық перзентханасына жіберілген.
Интернатураны аяқтағаннан кейін, 1986 жылдың тамызында Урицкий орталық ауруханасына акушер-гинеколог ретінде қабылданып, сол жылдың қазан айынан бастап Весело-Подол учаскілік ауруханасының бас дәрігері болып ауысты. Өзінің біліктілігінің арқасында 1993 жылдың қазан айынан бастап Урицкий орталық ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалды. Содан бері 2019 жылдың қазан айына дейін 26 жыл бойы тапжылмастан еңбек етіп, абыройлы зейнет демалысына шығып отыр.
Саналы ғұмырын жауапты қызметке сарп етіп, адал еңбекті жанына міндет еткен азаматқа аудан көлемінде құрмет көрсетілді.
Аудан әкімі Амантай Балғарин мен Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вячеслав Дудник ақ халатты абзал жанды құрметті демалысқа шығуымен құттықтады.
-Ерінбей еңбек еткен жан осындай дәрежеге жетеді. Қай кезде де адал еңбектің бағасы биік. Оның үстіне туған жерінде, бір жерде табан аудармай еңбек етудің өзі үлкен бақыт, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Жұмағали Көкенұлы осы салада жемісті еңбек етіп, халықтың ыстық ықыласына бөленген жан. Өз ісінің үздігі, білгір ұйымдастырушы, білікті бас дәрігер бола білді.
-Дәрігерлік қызметі – өте жауапты мамандық. Мұнда адам тағдыры тұрғандықтан еш қателесуге болмайды. Үнемі білімінді жетілдіріп, ізденіс үстінде болу керек, – дейді зейнеткер дәрігер.
Жалпы, Жұмағали Көкенұлының ауданда денсаулық сақтау саласын дамытуда, кейінгі жылдары елімізге енген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруді насихаттауда бір кісідей еңбек сіңірген жан. Айталық, бүгінгі өзекті мәселе болған бұл МӘМС – денсаулық сақтау мүддесін әлеуметтік қорғаудағы мемлекеттік жүйе болып табылады. Ол Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік жағдайына, тұрғылықты жерiне және табысына қарамастан медициналық және дәрілік көмекке тең қолжетімділік жасауға кепілдік береді.
Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) – ауру, жарақат алу, туу және жҥктілік, мҥгедектік және кәрілік жағдайларында халықтың денсаулығыың мүддесін әлеуметтік тұрғыда қорғау нысаны.
Жұмағали Көкенұлының осындай деңгейге жету жолында жас дәрігерлерді де даярлаудағы еңбегі орасан. Өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Бір сөзбен айтқанда, осындай кісілер жүріп өткен жолды жоғары білікті, кәсіби шеберлігі зор, еселі еңбек еткен жандар ғана бағындыра алды. Өйткені, адам жастайынан бойына сіңірген білімі мен алған тәлім-тәрбиесі, көрген тәжірибесі мен атқарған тынымсыз еңбегінің арқасында мейлінше сый-құрметке жетеді. Сондықтан, Сарыкөл жерінен Жұмағали аға секілді талай атақ-абыройға қол жеткізген, ең бастысы халық алғысына ие болған шәкірттер шығады деп сенеміз.
Олай болса, зейнеткер дәрігерге осынау бейнеті көп еңбектің зейнетін ұзағынан көріп, жастарға ақылшы, қамқоршы, тәлімгер ретінде жүре беріңіз дегіміз келеді. Сондай-ақ, адал еңбегіңе ризашылық танытып, ұзақ та баянды өмір, отбасыңа амандық тілейміз!
Руслан ӘЛКЕЕВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31