Сарыкөл ауданында сүт өндіру фермасы ашылды
14 желтоқсанда Сарыкөл ауданы Маяк ауылында сүт өндіру фермасы іске қосылды
Оны «Капанадзе» ШҚ Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ашып отыр. Нысанның салтанатты ашылу сәтіне облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов арнайы қатысып, ел игілігі үшін жасалып жатқан игі іс екенін айтып, қожалық иесіне сәттілік тіледі. Ауыл халқын келе жатқан төл мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
– Құрметті Маяк ауылының тұрғындары! Сіздерді осы нысанның ашылуымен және айтулы мерекеміз – ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Ауылдарыңызда ашылып жатқан бұл нысан өздеріңіздің игіліктеріңізге қызмет жасайды деп сенемін. Осындай игі жобалар жалғасын тауып, ауылдарымыз көркейе берсін, – деді Арман Тарғынұлы.
Айта кетейік, мұнда Австриядан симментал тұқымды 50 бас сауын сиыр әкелінген. Ғимаратта (заманауи үлгіде жабдықталған) сүтті қабылдау, қайта бөлу және сақтау корпусы, бұзаулар мен сиырларды саууға арналған бөлме бар. Сонымен қатар, шаруа қожалығы бестекшелік салқындатқыш танкер, сүт тасығыш автомашина және екі сауу аппаратын сатып алған.
– Өндірістің жобалық қуаттылығы жылына 180 тонна сүт және екі тонна сүт өнімдерін құрайды. Іске асырылған жобаның құны – 180 миллион теңге. Сүт-тауар фермасының ашылуымен 6 ауыл тұрғыны жұмысқа орналасты. Болашақта мал басын 100 басқа дейін ұлғайтып, екі отбасы үшін екі пәтерлі үй салуды жоспарлап отырмыз, – дейді шаруа қожалығының басшысы Григол Капанадзе.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары жұмыс сапары аясында Тәгіл ауылдық округіндегі “Жантасов” Ш/Қ барды. Мал шаруашылығына арналған базасын көріп, тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл шаруа қожалығының инвестициялық жобасы етті бағыттағы асыл тұқымды мал шаруашылығын кеңейтуге есептелген. Қазір шаруа қожалығының аумағында 2020 және 2021 жылдары салынған ІҚМ ұстауға арналған үш мал шаруашылығы объектісі орналасқан. Жалпы, шығындар 60 миллион теңгені құрады. Барлығы, шаруа қожалығында “Абердин ангус” тұқымды 406 бас ІҚМ бар, оның ішінде – 248 сиыр асыл тұқымды аналық бас. Одан әрі дамытуға келетін болсақ, шаруашылық асыл тұқымды аналық мал басын 500 басқа дейін ұлғайтуды, сондай-ақ осындай мал санына бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отыр.
Сапар соңында Арман Тарғынұлы Сарыкөл ауданы экономикасын дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Руслан ӘЛКЕЕВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31