
Сарыкөл ауданы Урожайное ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды
Бұл бөлімше Урожайное мен Тимирязевтің өртке қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Урожайное ауылында «Қуат-1» ЖШС базасында ашылған бекет «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында іске асырылып отыр.
Оның мақсаты – ауылдық жерлердің өртке қарсы қорғаныш жүйесін жүйелі түрде нығайтып, шалғай елді мекен тұрғындарының қауіпсіздігі мен тыныштығын арттыруға жағдай жасайды.
Жаңа пункт ғимараты жылыту жүйесімен жабдықталған, бұл жыл бойы кезекшілік ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Құтқарушылардың ыңғайлылығы үшін тұрғын бөлме және техникаға кішігірім жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған шеберхана қарастырылған. Сонымен қатар бөлімшеге ТЖД балансынан ықтимал өрт оқиғаларына жедел әрекет етуге арналған ЗИЛ негізіндегі өртке қарсы автосцистерна берілді.
Ашылу салтанатына Қостанай облысы ТЖД уақытша міндетін атқарушы басшысы Назарали Селимов пен аудан әкімі Марат Шымырбеков қатысып, ауылдықтарға жүрекжарды лебіздерін білдірді. Олар жаңа нысанның ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.
-Жаңа бекет Урожайное мен Тимирязев ауылының өртке қарсы қорғанысын күшейтеді. Бұл төтенше жағдайларға дер кезінде әрекет ету және қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін аса маңызды. Осынау қуанышты сәтпен баршаңызды құттықтаймын, – деді аудан әкімі Марат Лесбекұлы.
Сонымен қатар, ауыл ақсақалы бата беріп, аудан өнерпаздары ауылдықтарға өз өнерлерін паш етті. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы ауылдық жерлердегі өртке қарсы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Бағдарлама аясында ауылдарда қажетті құрал-жабдықтар мен техникамен қамтамасыз етілген ерікті өртке қарсы құрылымдар құрылады. Бұл төтенше жағдайларға жедел ден қою уақытын қысқартуға, ауыл әкімдіктерінің дайындық деңгейін көтеруге және ауыл тұрғындарының өмірі мен мүлкін қорғауға мүмкіндік береді.
Руслан ӘЛКЕЕВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31