Сарыкөл ауданы бойынша 263 оқушы мектеп табалдырығын аттап отыр
Білім күні 1-сынып оқушылары үшін алғашқы қоңырау салтанаты өтті
Олар құшағын айқара ашқан алтын ұя – мектеп табалдырығын аттап, сүйікті ұстазымен қауышты. Жүздері бал-бұл жайнаған бүлдіршіндердің қуанышын көруге біз де асықтық.
Ө.Сұлтанғазин атындағы орта мектептің ауласында өткен салтанатты шара мемлекеттік Әнұранымен басталып, балаларды мектеп директоры Ерлан Сманов білім күнімен құттықтады.
– Баршаңызды бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Аяулы ұстаздарға толағай табыс пен шығармашылық ізденіс, бүлдіршіндерге оқуда озат болуды тілеймін! Мемлекеттік тілде оқытатын мектебіміздің мәртебесін асқақтата берейік. Өз балаларын бізге беріп жатқан ата-аналарға алғысымды айтамын, – деді Ерлан Кенжебекұлы.
Сонымен қатар, ата-аналардың атынан Ақмарал Титебаева апа ақ батасын беріп, 1 сыныптың жетекшісі Балгүл Валиева да ізгі лебізін білдірді.
Мектептің сәнін кіргізіп, құшақ-құшақ гүлдерін қолға алған балақайлар тақпақтарын тақылдата айтып, ән де шырқады. 11 сынып оқушылары балақайларға салтанатты түрде әліппені табыс етті. Әсіресе, бұл биылғы оқу жылындағы ең жақсы жаңалықтың бірі – 1 сыныптар үшін А.Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде әзірленген «Әліппе» мен «Букварь» пәндерінің қайтарылуы болып отыр.
Жалпы, аудан бойынша 263 оқушы мектеп табалдырығын аттап отыр. Алғаш рет қоңыраудың сыңғырын естіп, мектепке қарай асыққан балақайлардың жанарынан мерекенің шуағы сезіліп тұрды.
Сөз соңында айта кеткен жөн, «Алғашқы қоңырау» шарасы барлық карантиндік талаптар сақтала отырып, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, Білім және ғылым министрлігінің арнайы нұсқаулығы бойынша ұйымдастырылды.
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31