Ұлы Отан соғысының қатысушыларын Жеңіс күнімен құттықтады
5 мамыр күні аудан әкімі Амантай Балғарин Большие-Дубравы ауылына арнайы барып, Василий Мухачевті мерекемен құттықтап, мерекелік сыйлық табыстады
-Сіздердей аға ұрпақтың тынымсыз еңбегінің арқасында біз бейбіт аспан астында өмір сүріп жатырмыз. Сіздердің өнегелі істеріңіз жастарға үлгі болады, – деді Амантай Кәкімбекұлы өз сөзінде.
Соғыс ардагері жұбайымен бірге тұрады. Биыл құрметті ақсақал 96 жасқа толады. Күш-қуаты бойында. Ардагер өзі туралы айтып, өзінің күнделікті тірліктерімен бөлісіп, елімізге бейбітшілік пен тыныштық тіледі. Сонымен қатар, Василий Петрович аудан басшысына көңілі мен қамқорлығы үшін ризашылығын білдірді.
Содан кейін аудан басшысы соғысқа қатысушы Андрей Евтушенконың үйіне де барды. Ержүрек ардагер өмірінің тоқсан алтыншы көктеміне қадам басты. Амантай Кәкімбекұлы ардагердің қал-жағдайын сұрап, оған денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеп, мерекелік сыйлық табыстады.
-Сіздей жандарға қамқорлық жасау – қоғамның және әрқайсымыздың жеке міндетіміз. Сіздер – елдің алтын қоры, ержүректіліктің жарқын үлгісісіздер! Сізге зор денсаулық тілеймін! Балаларыңыз бен немерелеріңіз сізге тек қуаныш сыйласын, – деді аудан әкімі.
Аудан басшысымен бірге аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Уәлихан Айғұлақов пен аудандық мәслихат хатшысы Күләш Базарбаева бірге барды.
Жалпы, осы орайда айта кеткен жөн, Андрей Петрович тек соғыс ардагері ғана емес, құқық қорғау саласында 30 жылдық жұмыс тәжірибесі бар еңбек адамы. Сондықтан, мереке қарсаңында ардагерді Қостанай облысы ДП Ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Өмірбаев пен Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ардақ Ынтықпаев және Сарыкөл аудандық ПБ бастығы, полиция полковнигі Қайрат Әбдіқалықов құттықтап келді. Мереке иесіне Қазақстан Республикасы ІІМ бастығы, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың атынан мерекелік құттықтау хаты мен Қостанай облысы ПД бастығы, полиция генерал-
майоры Бекет Аймағамбетовтың атынан Алғыс хат табысталды. Сонымен қатар, аудандық полиция бөлімінің атынан азық-түлік себеттері сыйға тартылды.
Міне, осындай аға ұрпақтың арқасында біз бейбіт уақытта өмір сүрудеміз. Сондықтан, ризашылық белгісі ретінде біз оларға ерлік үшін басымызды исек, артық болмайды. Өйткені, олар жандарын шүберекке түйіп, Отан үшін от кешті. Біз мұны әрдайым есте ұстауымыз керек.
Руслан ӘЛКЕЕВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31