«Күмбірле, қоңыр домбыра!»
Осындай атаумен өткен облыстық байқауда аудандық мәдениет қызметкері Абай Сейдахметов жүлделі екінші орынды еншіледі
Небары екі жылдай аудандық мәдениет үйінде жұмыс істеп жатқан жас маман осында келгеннен бері өңір деңгейіндегі іс-шаралардың көркін қыздырып, көпшіліктің қошеметіне бөленіп үлгірді. Енді, міне, облыс деңгейде жүлдеге ие болып, қазақтың күйін, қарадомбырасын дәріптеп, Сарыкөл ауданының атын шығарып тастады.
Талантты жігіттің өнеріне білікті мамандар тәнті болып, ақ батасын беріп жүр. Оның бір дәлелі, осы байқауда екінші орынға ие болуы.
– Бұл байқауға 14 өңірден домбырашылар қатысты. Байқаудың шарты бойынша екі күй орындадым. Біріншісі – Абай Құнанбайұлының «Май түні», ал екіншісі – Құрманғазы Сағырбайұлының «Төремұрат» күйі. Дайындық барысында біраз ізденіп, тер төгуге тура келді. Соның нәтижесінде осындай жүлдеге ие болып отырмын. Өз басым үлкен шабыт алдым. Әрі қарай да қазақтың өлмейтін күй өнерін ұлықтап, осы арқылы домбыраны дәріптеп, шыңдала бергім келеді, – дейді аудандық мәдениет үйінің әдіскері, домбырашылар ансамблінің жетекшісі Абай Сейдахметов.
Жалпы, талантты жас маманның осы уақытқа дейін жеткен жетістігі аз емес. Айталық, Арқалық қаласында жүргенде «Күй шежіресі», «Күй атасы – Құрманғазы» және «Халық сазы» атты байқаулардың қатысушысы, жеңімпазы атанды. Ел мәдениетін көтерудегі және шығармашылық ізденістерді дамытудағы еңбегі үшін Арқалық қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің алғыс хатымен де марапатталды. Сонымен қатар, Торғай өңіріндегі білімнің қара шаңырағы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында оқып жүргенде үздік оқу, үлгілі тәрбиесі және қоғамдық жұмыстарға белесене араласып, республикалық, облыстық, қалалық сайыстарда жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, институттың мерейін өсірді. Сарыкөлге келісімен де талантымен көпшіліктің көзіне бірден түсті. Түрлі мерекелік концерттерге атсалысып, байқауларда бақ сынап жүр. Ұлттың жаны – ұлттық домбыраны дәріптеп, күмбірлете күй тартып, дүбірлі додаларда оза шауып жүрген, жауапкершілік пен сенім жүгін арқалаған Абайдай жастарға ел тізгінін сеніп тапсыруға да әбден болады.
Айта кеткен жөн, осы байқауды облыстық халық шығармашылығы Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырып отыр. Сондай-ақ, жүлдегерлер кәсіби мамандардан құралған қазылар алқасының шешімі бойынша анықталды.
Жалпы, жеңімпаздар диплом және ақшалай сертификатпен марапатталды.
Руслан ӘЛКЕЕВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31