Бүгін Сарыкөл ауданының мешіті қайырымдылық жасады
Мың айданда қайырлы Рамазанның қасиетті жұма күнімен қатар келген 1 мамыр – Қазақстан халқының Бірлігі күні «Аққозы қажы» аудандық мешіті қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
Игілікті іс – ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Бірлік түбі – береке» атты қайырымдылық акциясына ат салысу аясында жүзеге асырылды.
– Бұл биылғы қасиетті Рамазан айындағы бірінші қайырымдылық шарасы. Оны мешіт алқа мүшелері ұйымдастырып отыр. Жұмсалған қаржы мөлшері – 135 000 теңге. Демеушілік жасаған «Надежда» өндіру және сауда фирмасы» ЖШС басшысы Светлана Сивамбаеваға, жеке кәсіпкерлер – Жанатай Жаналипов пен Радик Дутпаевқа және мешіт жамағатына Алла разы болсын деп алғыс айтамын.
Құдай қаласа, алдағы уақытта сауапты іс жалғасын табады. Себебі, осы шарадан кейін де хабарласып, атсалысуға асығып, ізгі ниеттерін білдіріп жатқан жамағатымыз баршылық, – дейді ауданымыздың бас имамы Нұрбол қажы Балахметов.
Жалпы, аталған акция аясында аудан бойынша әлеуметтік жағдайы төмен 30 отбасыға азық-түлік пен үй шаруашылығына қажетті заттар салынған «Ауызашар қоржыны» жәшіктері таратылды.
Бұл істі бас имам өзі бастап, жамағат қостап, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», жұмыла тыңдырды.
Айта кетейік, қайырымдылық науқанына аудандық мәдениет үйінің жас болса да, жауапкершіліктің нардай жүгін арқалап жүрген жігіттері жекелей өз үлестерін қосты.
Руслан ӘЛКЕЕВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31