Қабыл болған тілек
«Ерекше түлек, ерекше соңғы қоңырау, ерекше аттестат табыстау, ерекше сынып жетекші және биыл ерекше балл болады…»
Дәл осылай Ө.Сұлтанғазин атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі, 11-сынып жетекшісі Зәмзәгүл Шунгулова аттесттат табыстау рәсімінде айтқан болатын. Міне, қабыл болған тілек деген осы шығар…
Себебі, аталған мектеп түлектері ҰБТ сынағында жоғары ұпай алып, айды аспанға бірақ шығарды. Нәтижесінде, орташа есеппен 90,1 %-ға қол жеткізіп, аудан бойынша көш бастады. Әсіресе, Диас Ескендіров деген оқушы ең жоғары 109 балл алса, ал, Қарлығаш Ділдәбекова мен Зарина Құдабаева қызыл аттестатқа қол жеткізді. Қалғандарының да көрсеткіші орташа балдан жоғары.
– Биыл мектепті 7 түлек тәмәмдады. Оларға 5-сыныптан бастап жетекшілік еттім және математика пәнінен сабақ бердім. Ерекше түлек деуімнің бір сыры осында жатыр…
Жалпы, қашықтан дайындау өте қиын болды. Балалармен бірге отырып жұмыс істегеннен алыстан оқытудың арасы жер мен көктей. Оның үстіне математиканың аты математика, өзің оқып ал деп айта алмайсың. Ол үшін күні-түні еңбектену керек. Оқушыларым дайындаған еңбегімді ақтап, математикалық сауаттылық пен математикадан бәрі де 4 пен 5 деген баға алды.
Бір сөзбен айтқанда, бұл жоғары балға қол жеткізуіміз барлық ҰБТ мұғалімдерінің еңбегінің арқасы, – дейді білікті маман Зәмзәгүл Исламбекқызы.
Ғылымдар патшасы – математиканы меңгерген 16 жылдық тәжірибесі бар 1 санатты мұғалімнің бұл бірінші жетістігі емес. Бұған дейін де үкілеген оқушылары үмітін ақтап келеді. Осы жылғы Қарлыгаш, Зарина деген оқушылары ұстазының жолын жалғап, математика пәнінің мұғалімі атануды жоспарлап жүр. Бұл да ұстаз еңбегінің жанғаны деген сөз.
– Екі жұмысты бірдей алып жүру керек (сынып жетекшілік және ҰБТ-ға дайындау). Ата-анамен де жұмыс жасау қажет. Ерінбей еңбектеніп, оқушымен де жақсы тіл табыса білу керек, оларға мұғалім ретінде жоғары қарамай, жанашыр ретінде қарасаң ғана жақсы нәтиже береді.
Айтайын дегенім, мен үшін екі пәннен дайындау оңай болған жоқ. Екеуі де екі түрлі. Шегі жоқ есептер… Кей кездері түнгі сағат үш-төртке дейін есеп шығарған кездеріміз болды. Оның үстіне күнделікті дайындығымыз бар. Бір күнде 2 нұсқа шығаратынбыз. 1 нұсқада 30 есептен болды. Бұл математикадан, ал математикалық сауаттылықта 20 есептен, – деп еске алады сол бір қиын әрі күрделі сәттерді жауапкершілікпен, абыроймен еңсерген мерейі үстем болған мұғалім.
Руслан ӘЛКЕЕВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31