Рухани жаңғыру бағдарламасына – 3 жыл
12 сәуірде Елбасының бастамасымен қолға алынған жобаға 3 жыл толды
ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында барша қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың басымдықтарын айрықша атап айтқан болатын.
«Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі» – деді Елбасы.
Осы уақыт ішінде қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған жоба аясында Сарыкөл ауданында бірнеше бастама жүзеге асты. Солардың бірі де, бірегейі – Барақ батыр кесенесі. Бұл Қазақстанның 100 қасиетті орындары мен кешендерінің тізіміне енді.
Арғын тайпасы Алдияр (Таз) руынан шыққан Барақ Барақ Жанұзақұлы (Қарабалуанұлы) жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен. Қазақ тарихында бедерлі із қалдырған, алашқа айбар болған батыр. Ол шамамен XVII-XVIII ғасырларда өмір сүріп, 93 жасында дүниеден озған деген тарихи деректер бар.
Әкесі Жанұзақ Алдиярұлы «Қарабалуан» есімімен мәшһүр болған түйе балуан. Шақшақ Жәнібекпен аталас, бірге өскен. Жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысында талай ерліктерімен танылады, жасақ басқарады. Ордабасы жиынына, Бұланды, Аңырақай шайқастарына қатысып, Бұқар жырау жырында батырлар санатында аталады.
Ал, Барақ Жанұзақұлының өзі болса, Емельян Пугачев бастаған шаруалар соғысына, одан кейін Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске қатысып, батырлығымен аты шыққан. Оны халық қара күштің иесі деп таныған. 1740-1758 жылдары қазақ жерін қалмақ басқыншыларынан азат ету жолындағы шайқастарға қатысқан. Сондай-ақ, Барақ Қарабалуанұлы Дәуітбай Жәнібекұлымен қатар Абылай ханның қосынында болып, ханның сенімін ақтаған. Яғни, Абылай ханның жасақ басшыларының бірі болып, ерлігімен аты шыққан. Батырлығымен қатар, көріпкел, сәуегей болжаушы, емшілік-тәуіптік қасиеттерімен де халыққа кең танылған.
Оның кесенесі Сарыкөл ауданы, Крылов ауылынан 10 шақырым қашықтықта орналасқан.
Осы жерде 1996 жылы Қостанай өңірі батырдың үш жүз жылдық мерейтойын атап өтіп, оның ұрпақтары басына ескерткіш күмбез орнатқан.
Жалпы, Барақ батыр кесенесі мемлекет қорғауында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қасиетті Қазақстан» жобасына кірді. 2018 жылы кесене қасына жаңадан үй салынды. Оған белгілі жерлесіміз, Қостанай облыстық мәслихатының депутаты, көтерме-бөлшек сауда орталығының директоры, ауданымыздағы ауқымды істерге әрдайым демеуші болып жүрген азамат Айтжан Есенгелдинов мұрындық болды.
Жалпы, кесене басына екі ғасырдан артық уақыт бойы бүкіл Солтүстік, Орталық Қазақстан және Ресейдің бізбен шекарадағы облыстарынан қазақтар, жалпы мұсылман қауымы әдейі келіп, құрбан шалып, құран оқытады.
Сонымен қатар, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданымыздың мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Батыр кесенесіне жиі саяхат жасалып тұрады. Жас ұрпаққа тарихи деректерден мысалдар келтіріліп, Барақ батыр және оның атқарған қызметі туралы айтылады. Сарыкөлдік жастар тек қана саяхаттау үшін бармайды, киелі орынға тазалау жұмыстарын бір кісідей жүргізеді.
Руслан ӘЛКЕЕВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31