9 мамырда Ұлы Жеңіске 75 жыл толады
Осыған орай осыдан 17 жыл бұрын дүниеден өткен сарыкөлдік соғыс ардагерін еске алып, газет бетінде жариялағанды жөн көрдік.
Қошым Нұғанов 1941-1945-ші жылдардағы қанды қырғында қайсарлық пен ержүректіліктің үлгісін көрсеткен жан. Отан үшін кеудесін оққа тосқандардың бірі де, бірегейі. Қәзіргі Сарыкөл ауданы Соналы ауылының тумасы. Соғыстан кейінгі жылдары да ауданда абыройлы қызмет етіп, 2003 жылы 85 жасында қайтыс болды.
Майдангердің балаларының айтуынша, Қошым Нұғанұлы жастайынан жетім қалып, толассыз тауқымет тартқан. Петропавл ауылшаруашылық техникумының 3-курсында жүргенде, Қызыл Армия қатарына шақырылады. 1939 жылы Украина, Полтавада әскери борышын өтеп, онда оқ-дәрі қоймасын күзетті. Соғысқа да сонда тап болады.
– Полтавадан 70 мың шақырым қашықтықта жатқан Брест қамалын немістер басып алуға келгенде, үстімізден ұшақтары төпелетіп бомбы тастады. Біздерге дабыл беріліп, бөлімдегілер бірден қорғанысқа көшті, – деп тебірене еске алады әкесінің сөзін қызы Қымбат Жапарова.
Қымбат Қошымқызы: «Қайран әкем қан майдандағы қақтыстар туралы көп айта қоймайтын. Бірде мұнара басында тұрғанда бір неміс басынан атқан, сол шырамды бізге қорқады деп көрсетпейтін, тақиясын шешпей киіп жүретін», – дейді.
Майдангер жауменен жағаласып жүріп, Сталинград түбіне дейін жеткен. Оған немістердің бірде-бірін өткізбей, қаланы қорғап қалуға бар күш жігерін салған. Содан соң Волга, Днестр, Висла арқылы өткен. Өкінішке орай, 1945 жылы Одер үшін айқаста аса ауыр жараланды. Варшава қаласындағы госпительде үш ай, одан Орелдағы госпительге ауыстырылып, онда сегіз ай жатып, емделген. Сөйтіп, соғыстан кейін туған жері – Соналыға қайта оралды.
Бейбіт өмірде де белді істерді атқарды. 1946 жылы Алматыдағы жоғары партия мектебінде оқып, бірден Урицкий аудандық комитеті партиясының меңгерушісі болды. Осында бақандай он бес жыл тер төкті. Сосын сырқатына байланысты бұл жұмыстан тұтынушылар кооперациясына ауысып, 1973 жылы зейнетке шықты. Бірақ, сонда да Урицкий өнім дайындау конторында талай жыл еңбектенді.
Отан үшін от кешкен жанның омырауына таққан наградалары да аз емес. Әрине, бұл ерен ерлік пен еңбектің нәтижесі. Яғни, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуковтың», «КСРО Қарулы күштеріне – 50 жыл», 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысына арналған бірнеше мерекелік медалдары, Қызыл Жұлдыз және Ұлы Отан соғысының I дәрежелі ордені, «Соғыс ардагері» белгісі, Жеңістің елу жылдығына орай ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Құттықтау хаты және бар. Сондай-ақ, еселі еңбегіне орай «Тың игергені үшін» медалі, Урицкий ауданы тұтынушылар одағының Алғыс хаттарымен мараптталған.
Жалпы, жеке өміріне тоқталсақ, Құдай қосқан қосағы – Әсмә Базарқызымен (2008 жылы қайтты) қосақтасып, 8 баланы дүниеге әкелді. Екі баласы кішкентай кезінде, ал, бір баласы 2013 жылы қайтты. Ал, майдангердің қалған ұрпақтары бүгінде Ресейде, Қостанай облысы аумағында тұрып жатыр. Нағыз патриоттылықтың үлгісін көрсеткен Манарбек Нұғанов деген баласы Сарыкөл ауданынан жырақтаған емес. Барлығы 14 немере, 19 шөбере бар.
Жалпы, Ұлы Жеңістің ардагерлерің сыйлап, құрметтеу, оларға қамқорлық жасау басты борышымыз. Алайда, уақыт өткен сайын Қошым ата сияқты сол жеңісті сыйлаған ардагерлеріміздің қатары сиреп барады. Көзі жоқтарын еске алып, ел назарына ұсынуымыз – бүкіл майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне деген тағзымымыз деп білеміз! Тағы бір білеріміз, майдангерлердің есімі мәңгі ұмытылмайды…
Руслан ӘЛКЕЕВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31