Қазақтың рухы мен өнерін көтерген

«Сарыкөлдің сары қызы» атанған Римма Ғайсенова туралы сөз

Тамылжыған тамыз айының жиырмасыншы жұлдызында облысымыз бен еліміз үшін елеулі еңбек етіп жүрген мәдениет қайраткері, білікті басшы, «Құрмет» орденінің иегері Римма Ғабдоллақызы мерейлі 75 жасқа толды.

Бұл кісіні алғаш рет 2015 жылы көрген едім. Аудандық мәдениет үйінде 70 жылдық мерейтойына орай шығармашылық кеш өткізген болатын. Кештен соң сахна сыртына барып, танысып, сұхбат алып, суретке түстім. Содан бері бақандай бес жыл зулап өте шығыпты…
Ал, бұл жолғы сұхбаттың жолы да, жөні де бөлек. Карантинге байланысты Римма Ғабдоллақызымен телефон арқылы сөйлеcуге тура келді. Бірақ, сонда да әңгімеміз жарасып, құдды бір жүзбе-жүз пікірлескендей әсер алдым. Бір жарым сағаттан астам сөйлесіп, қойын дәптерімнің 25 парағын тың деректермен толтырдым. Мен үшін рухани азыққа айналған кейіпкерім жайында бір газеттің бетіне сыйдыру мүмкін емес, тіпті том-том кітап жазуға әбден лайық десем, артық айтқандық болмас.

«Сарыкөлдің сары қызы»

Белгілі ақын Нағашыбай Мұқатов Қарасу ауданында туған Римма Ғабдоллақызын осылай атайды екен. Себебі, біздің кейіпкеріміз Сарыкөлге кішкентай кезінде көшіп келген. Азан шақырылып қойған есімі – Әлия. Осы жерде өсіп, білім алған.

Әкесі – Ғабдолла танымал тұлға, өте керемет азамат болған. Римма апа мектеп бітіргенде шаруашылыққа қажетті өнімдер сататын дүкенде меңгеруші болып істеген. Бір сөзбен айтқанда бай-қуатты өмір сүрген, орыс-қазақ түгел сыйлаған. Ал, анасы – Ұлбөпе 13 құрсақ көтерген. Өте ақылды, бәрін біліп отыратын жан болыпты.

Осындай ұлағатты кісілерден тәлім-тәрбие алған Римма Ғабдоллақызы сол кезде Урицкий ауданынан барған 6 қыздың ішінде жалғыз өзі Алматыдағы Абай атындағы қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына орта мектептің физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түседі. Оны бітіріп жатқанда, қалуға ұсыныс алады. Бірақ, әкесі ауырып, елге оралады.

– Ерке болдым. Солай тәрбиеледі. Жақсы оқыдым. Әкемді өте қатты жақсы көрдім, пір тұттым. Әлі күнге дейін солай… Алматыда оқу бітіріп жатқанда, әкем қатты ауырып қалып, жолдаманы Урицкийге алдым. Мұнда келген соң қан тапсырдым. Тікелей әкеме қан бердім. Әкем үшін осында келдім, – деп еске алады ол оралмас сағынышқа толы сол шақтарды.

Ер азаматқа тән қайратты мінезінің арқасында Тагильский комсомолец совхозына барайын деп тұрған жерінен Урицкийде еңбек жолын бастады. Тағы да бұл жерде қалуына бір себеп әкесінің қасында болғысы келді. Содан сол кезде беделді қызметте істеген Тіріжан Сәрсенбаевқа барады.

– Тіріжан аға керемет адам болатын. Қайдан келдің? – деді. Өзімді таныстырып, жағдайды түсіндірдім. Осында жұмыс керек дедім. Бәрін сұрап алған соң, ауылшаруашылық техникумға барасың деді. Сонда Комсомол ұйымының хатшысы болып, еңбек жолымды бастадым. Жақсы жұмыс болды, – дейді өткен шақтарды ой-елегінен өткізген Римма Ғайсенова.

Соналы ауылы, Қанжығалы руының келіні

Римма Ғабдоллақызы 1968 жылдың тамыз айында тұрмысқа шықты. Соналы ауылы Қанжығалы руының келіні атанды. Оның отбасы құру жолы көпке үлгі боларлық хикая іспетті.

Әкесі Ахмедия Бекмағанбетов деген кісімен араларынан қыл өтпестей дос болған. Әрдайым бір-бірінің жақсылығын асырып, жамандығын жасырып жүрген адал достар өзара құда боламыз деп келіскен. Жаратқан ниеттерін қабыл етіп, келісім уәдеге ұласып, бесікте жатқан жерінен салт бойынша атастырылады.

Қос ғашық Қабдуғали мен Римма 9-10-сыныпқа дейін бірге өскен. Үлкендердің сөзін құлақтарына құйып өскен олар бір-бірінен жырақ кетсе де салттан аттамаған.

– Бізге оқушылар «Әлия мен Қабду» деп қалжындайтын. «Әскерден Қабду келді, далаға шықшы» – деп күлдіретін. Мен оқуды 1967 жылы бітірдім. 1968 жылы жазда хат алып, хат берісіп жүрдік. Келген соң кездесе бастадық. Күз. Қараша айы. Қап-қараңғы түн. Ол менің атымды атап, тұрып қалды. Бір қызығы, мен сол дауысты өмір бойы күткендей болдым. Жып-жылы дауыс болды, – деп өзгеге үлгі боларлық өмірінің бір сәтін тебірене айтып берді Римма апамыз.

Римма апа анасының оған, оның анасына айтқан сырларымен де былайша бөлісті:

Бірде Анам: – «Қабду әскерден келіпті, бізді шақырып жатыр, барайық па?» – деп сұрады. Қатты таң қалдым. Бұрын-соңды ондайы жоқ еді. Ешқашан сұраған емес. «Енді өзіңіз біліңіз, неге менен сұрап жатсыз», – дедім. Сосын анам жаныма отырып, үшбу хатты көріп қалып, «Кімнен алып жүрсің?» – деп сұрады. Сабаққа дайындалып отқанда, суретін көріп «Мынау біздің Қабду ғой!» – деп қуанып кеткені әлі есімде. Қарап отырсам, бұның бәрі ананың балаға деген махаббаты, сүйіспеншілігі, жанашырлығы екен ғой. Бірақ, «Қабдуға шығасың» деп ешкім айтқан жоқ, – дейді біздің кейіпкеріміз.

Жалпы, Қозы-Көрпеш пен Баян сұлудай болған қос ғашықтың тойы Соналы ауылында палаткада дүркіреп өтіпті.

Еңбек Ерінің еңбек жолы

Тұрмысқа шыққаннан кейін Римма Ғайсенова жолдасымен бірге Рудныйға көшіп барады. Бейтаныс қалада ешкімді танымаса да, кешкі мектепте жұмысқа тұрады. Онда Кеңес Одағының батырлары, жұмысынан көтерілген белгілі тұлғаларға сабақ берді. Сол бір қиын жылдары жаңа тұрмысқа шыққан 22 жасар келіншекке оңай болмады. Соған қарамастан ол осы жұмыста 1968 жылдан 1974 жылға дейін еңбек етті.

– Рудныйға келген соң 1 жылдан кейін (1969 жылы) тұңғыш баламыз – Руслан өмірге келді. Алғашқы тұрған үйіміз жер үй (землянка) болды. Соның өзін жалдап, еден салып, қабырғасын майлап алдық. Отбасылық жолымызды сол үйден бастадық. Одан жаман болған жоқпыз, – деп еске алады отбасылық кезеңнің алғашқы жылдарын Римма апамыз.

Римма Ғабдоллақызы Рудныйда 6 жыл мектепте істегеннен кейін сол жердегі мәдениет саласына ауысады. Тағы 4 жыл аянбай тер төгеді. Ал, 1978 жылы жолдасымен бірге Қостанайға жұмысқа шақырылады. Бұл жерде Текстильщик мәдениет сарайы басшысының орынбасары болып қызметке кірісті. Осы жерде жүріп, өзі театрға сценарий жазды, өзін-өзі шығармашылыққа бейімдеді. Бір жылдан кейін аталған мәдениет сарайының басшысы лауазымына көтерілді. Ол басқарған ұжым, мекеме республикадағы ең үздіктердің бірі болды. Білімін шыңдау үшін 1984 жылы Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық институтын клуб жұмысын ұйымдастырушы-әдіскері, мәдени-ағарту мамандығын бітірді. Ал, 1986 жылдың қаңтар айында сол бір қиын кезеңде Мәскеуде жеңіл өндіріс жиыны өтіп, соған Қостанайдан жалғыз өзі сөз сөйлеуге барды.

Жалпы, Римма Ғабдоллақызының басшылық, тәлімгерлік кәсібилігі мен таланты жоғары бағаланып, 1992 жылы облыстық мәдениет басқармасының басшысы болып тағайындалды. Ол осы салада он төрт жыл қызмет етті. Бұл жылдары қазақ саны аз Қостанай өңірі ұлттық өнерімізге сусап отырған еді. Сол бір өліара шақта мәдениет пен өнерге аса қолдау көрестіп, наурыз тойы, айтыс, ас беру, мүшәйрадан бастап, басқа да салт-дәстүрімізді жаңғыртты. Қазақтың қайсар қызы өзінің тәжірибесін, бар қажыр-қайратын Тәуелсіз мемлекетіміздің рухани мұраларын жаңғыртуға жұмсады. Әсіресе, қазақ айтысының жанашыры болды. Талай шәкірттің тұсауын кесіп, өнерін шыңдады. Ол қалыпсатырып, жаңғыртып кеткен өнер жолы бүгінде жалғасын тауып келеді.

Осы орайда облыстық «Қостанай таңы» газетінде жарияланған мақаладан үзінді келтіруді жөн көрдік.

– Римма Ғайсенова мәдениет саласын басқарған жылдары өңірімізде үш жүзге сауын айтқан дүбірлі бірнеше той өтті. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың 80 жылдығы, көрнекті жазушы Бейімбет Майлиннің 100 жылдығы, ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 125 жылдық мерейтойлары көзі қарақты ағайынның әлі есінде. Осындай үлкен науқандарды басқарған да – Римма Ғайсенова. Айтыскер ақын Ақсұлу Орысбайқызы мен танымал ақын, дін білімпазы Сейітжан Бекшентайұлының
120 жылдық тойлары да жоғары дәрежеде өтті.

Сол тоқсаныншы жылдардың басында өңіріміз құрамы жағынан шағын болса да, үлкен бір өнер ұжымымен толықты. Облыстық филармонияда Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны бітірген өрімдей жас таланттардан құралған «Ақжелең» ұлт-аспаптар ансамблі құрылды. Римма Ғайсенова осы жастардың бірден-бір қолдаушы әрі жанашыры болғаны бір бөлек, бүгінгі күні «Ақжелең» ансамблінің анасы» деген құрметке ие, – деп жазады онда.

Иә, айтса айтқандай-ақ, Римма Ғабдоллақызы бұл атаққа әбден лайық. Себебі, құрылғанына 25 жылдан асқан «Ақжелең!» атты аты әлемге әйгілі ансамбльдің алғашқы концерті іргетасын қалаған жанның күні бүгінге дейін есінде.

– Бұл ансамбльді құруға сол кезде облыс әкімшілігінің басшысы болған, ұлтжанды қайраткер тұлға Кенжебек Үкіұлының сіңірген еңбегі зор. Осындай кісілердің ерік-жігері, солардың қолдап, қорғауының арқасында дүниеге келген еді. 1994 жылы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны бітірген тоғыз өрім жастың қатысуымен Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда «Ақжелең» фольклорлық ансамблінің алғашқы концертін, тұсаукесерін өткіздік. Бұл облыстың мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды. Әсіресе, халықтың өнерге сусап қалғаны соншалық, залға адам залға сыймай кетті. Қан ұйытатын қасиеті бар қазағымның құдыретті домбыра күмбірлеп, қобыз сарнады. Тағы бір ерекше сәт, сол тұста облыстық ішкі істер департаментін басқарған генерал Қайрат Дүйсенбин мен іскер азамат Серікбай Бейсетаевтың ансамбль мүшелері үшін пәтер сыйлады. Өте дән риза болдым. Сол кездегі еліміздің бастан кешкен қиыншылығына қарамай, осындай өнерлі ұжымның қалыптасуына облыс басшылығының қосқан үлесі де ерекше, – деп еске алады елеулі оқиғаны бүгінде танымал тұлға.

Сонымен қатар, Римма Ғабдоллақызының айтуынша, бүгіндері «Ақжелеңді» бүкіл әлем біледі десе де артық емес. Парижді кезінде Әміре атамыз дүр сілкінтсе, кейін осы қостанайлық өнерпаздар бір ай бойы Франция елінде қазақ өнерін насихаттады. «Ақжелеңнің» алған асулары да биік. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің, Кореяда өткен халықаралық музыка байқауының, Ресейде өткен талай өнер жарысының лауреаты атанды.

-«Қазақтың өнері көтерілсін» деп көбісі қолдау білдірді. Солардың ішінде тірекші әрі тілекші болған Ақылбек Шаяхмет, Ғұмар Ахметчин, Нағашыбай Мұқатов, Қонысбай Әбіл және Әсия Беркеновалардың шоқтығы биік, – дейді құрметті азаматша.

Айта кетейік, Римма Ғабдоллақызының тұсында «Жігіттің сұлтаны», көркемөнерпаздар, жыршы-термешілер байқаулары, ақын-жазушылардың кештері, басқа да шаралар кең көлемде ұйымдастырыла бастады.

Өңіріміздің рухани өмірінде болған үлкен серпілістердің ішінде облыс орталығында қазақ драма театрының бой көтеруін ерекше атап өтуге болады. Бұл орайда еске сала кетерлік ерекше жәйт, оның ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысты. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының ұсынысымен театрға мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы, жазушы, публицист, жерлесіміз Ілияс Омаровтың есімі берілді. Биыл театрға 20 жыл толып отыр.

Бұдан бөлек, қаншама мәдени ошақтар, өнер ұжымдары дүниеге келді. Сонымен қатар, 2000 жылы Арқалық қаласында жастар театры, 1991 жылы Ыбырай Алтынсарин мемориалдық мұражайы ашылды.

Сан жылдар бойы мәдениет пен өнер саласында аянбай тер төккен, руханиятымызды қарыштатуда қомақты үлес қосқан аяулы жан мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің кәсіподағы қоғамдық ұйымының Қостанай облыстық филиалының төрайымы болып сайланып, 13 жыл еңбек етті. Құрылығанына 25 жыл болған облыстық іскер әйелдер қауымдастығының басы-қасында жүр. Сонымен қатар, Римма Ғайсенова бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облыстық ақпараттық-ағарту штабының қоғамдық жұмысы бойынша басшысы, «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының орынбасары және Қостанай қалалық соттың ақсақалдар кеңесінің мүшесі. Бұл салада да елге тигізіп жатқан еңбегі ұшаң-теңіз.

– 1978 жылы Қостанайға көшіп келдік. Бір жылдан кейін Ержан деген балам өмір есігін ашты. Сол жылы береміз деген пәтерімізді басқаларға беріп қойды. Содан жатақхананың 1 бөлмесінде тұрдық. Бұл қиыншылыққа да жолдасым екеуіміз төтеп бердік. Бірнеше жылдан кейін 3 бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Жолдасым өте сыйлы азамат еді. Әрдайым ақылдасып отыратынбыз. 40 жыл бірге отастық. Былтыр өмірден өткеніне 10 жыл болды. Құдайға шүкір, қәзір бала-шаға, немерелер бар. Соған тәубә деймін, – деп ағынан жарылды аяулы ана, ардақты әже.

Мәдениет пен өнерге деген марапат

Қостанайдың мәдениеті мен өнерін халықтың көңілінен шығарып, қазақ өнерін түлеткен, биік-белеске көтерген Римма апамыздың алған марапаттары да бір төбе.

Көп жылдық және адал еңбегі үшін «Кәсіподақтардың мәдени-ағарту мекемелеріндегі үздік жұмысы үшін» белгісімен, «Столица Астана» естелік медалімен, «Ерен Еңбегі үшін» медалімен, «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісімен, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының мәдениет аталымы бойынша «Ажар» сыйлығының лауреаты, Қостанай облысының меценаттар клубы арнайы сыйлығының лауреаты, сонымен қатар көптеген грамоталар мен дипломдармен марапатталды. Солардың ішінде ең төресі, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында кеудесіне «Құрмет» орденін тағуы және Қостанай қаласының құрметті азаматы атануы. Сонымен қатар, биыл ақпан айында «Белсенді еңбегі үшін!» жаңа марапатқа ие болды.

Жалпы, қазақтың рухы мен өнерін көтерген қайсар қыздың қажырлы еңбегі жыл өткен сайын бағалана бермек. Мәдениет пен өнерге деген марапаты мұнымен шектеліп қалмайды. Келер ұрпақ абзал жанды үлгі тұтып, мақтан етіп жүреді. Өйткені, ол құрмет демалысында болса да, қоғамдық жұмыстармен айналысып, білімі мен жинақталған тәжірибесін жас буынмен бөлісіп келеді.
Олай болса, біз де Қостанай мәдениетіне, өнеріне өзіндік із қалдырған мерейтой иесін туған күнімен шын жүректен құттықтап, ұзақ ғұмыр тілейміз!

Редактор

Recent Posts

В поселке Сарыколь идет средний ремонт нескольких улиц

Его проводят в рамках проекта «Ауыл-Ел бесігі»» (далее…)

1 день ago

В Сарыкольском районе прошли общественные слушания по социально значимому  проекту «По следам Шокана Валиханова»

Одна из главных задач - увековечивание памяти великого ученого Шокана Валиханова на его родине в…

1 день ago

Как начать жизнь с чистого листа? – об этом рассказали члены ОФ «Жанашыр бол» подучетным

Наличие долгов, невозможность получать полную зарплату, арестованные счета - все это имеется у большинства граждан,…

5 дней ago

После семи лет ожидания жителей села Златоуст Сарыкольского района приступили к ремонту дороги к их населённому пункту

В этом убедились златоустцы, когда на дороге районного значения появилась специальная техника, ровняющая ухабистое дорожное…

2 недели ago

Сәкенге арналған сайыс

Дәстүрлі дода өз жалғасын тапты (далее…)

2 недели ago

This website uses cookies.